Қазнет қолданушылары дәрігерлер суық тиген науқастарға денсаулығына елеулі зиян келтіретін және қан қатерлі ісігін тудыруы мүмкін дәрі-дәрмек тағайындайды деген ақпаратпен бөлісуде, - деп хабарлайды Алаш айнасы stopfake.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұл рас па? Тексерейік.
Тараған ақпаратта «Ингавирин» препараты туралы айтылады. Хабарлама авторының айтуынша, бұл препарат құрамы жағынан қатерлі ісік ауруын емдеу үшін қолданылған «Дикарбаминмен» бірдей, бірақ ісіктердің дамуын қоздыратыны анықталғаннан кейін оған тыйым салынған.
«Дикарбамин» химиотерапиядан кейін лейкопоэз стимуляторы ретінде қолданылды. Бірақ бұл дәрі-дәрмектің әсері төмен болды. Сондықтан 2014 жылдың мамырында тиімді дәрі-дәрмек пайда болған кезде Дикарбаминді шығару тоқтатылды. Бұл препаратқа тыйым салынған жоқ. Сондай-ақ оны қабылдаған адамдарда онкологиялық аурулар пайда болған бірде-бір жағдай жоқ.
«Ингавирин» препаратын жасаушылардың бірі, академик Александр Чучалиннің айтуынша, ол демікпеге қарсы препарат ретінде әзірленген, бірақ 2009 жылы доңыз тұмауы індеті өршіген кезде оның ауруға қарсы тиімділігі байқалды.
«Ингавириннің» тиімділігі бойынша тәуелсіз зерттеулер жүргізілген жоқ. Барлық тәжірибелерге дәрі-дәрмекті жасаушылар қатысты, яғни алынған нәтижелерге сақтықпен қарау керек. Препараттың қатерлі ісік тудыратыны туралы да ақпарат жоқ.
Айта кетейік, «Дикарбамин» және «Ингавирин» дәрілерінің құрамы бірдей. Бұл ретте біріншісі қатерлі ісіктердің пайда болуына себеп болмаса, екіншісі де солай.
«Ингавирин» қатерлі ісік ауруын тудырмайтынын Stopfake.kz-ке медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ДСМ Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының сарапшысы Александр Гуляев те айтқан болатын
«Ингавирин» қолданылған 5 жылдың ішінде анықталған немесе күдік келтірілген канцерогенділік туралы бірде-бір ақпарат болған жоқ. Препараттың негізі – имидазолил-барлық клиникаға дейінгі және клиникалық зерттеулерден өтті. Бұл Ингавирин мен дикарбаминнің ғана емес, сондай-ақ басқа да көптеген препараттардың негізі. Ешқашан және еш жерде алаңдатарлық фактілер анықталмаған», – деді Гуляев.