ON.KZ командасы  >   Пингвин – қанаты болса да, ұша алмайтын құс

Пингвин – қанаты болса да, ұша алмайтын құс

rss ON.KZ командасы 10 июля 2013
ON.KZ командасы
 

«Бұл өмірде жасау керек 100 іс» атты жазбамызда өлшеулі өмірде тындырып үлгеру керек жүз істің қатарына «Пингвиндерді бір көруді» қосқан болатынбыз. 

Шын мәнінде бір көріп, тамсануға тұрарлық тіршілік иесі болса, ол – пингвин. Сондықтан бүгінгі әңгімемізде пингвиндердің табиғатын танып көруге тырысамыз.

Пингвин – қанаты болса да, ұша алмайтын, тұрып жүретін жалғыз құс. Осынысымен де өзге құстардан ерекше.

Пингвиндер көбіне Оңтүстік жартышарда мекен етеді. Негізінен Антарктидада тіршілік ететін құс. Дегенмен, Антарктиданың ызғарынан өзге жерде де тіршілік ететін пингвиндер бар. Мысалы, Галапагос аралдарын «Галапагос пингвині» деген атты алған пингвин түрі мекендейді. Ол жақта жыл бойы температура Цельсий шкаласы бойынша, +18, +28 градусты көрсетіп тұрады. Әлемдегі пингвиндер ең көп жиналатын аймақ – Пунта Томбо.

Пингвиндердің жетпіс бес пайыз өмірі теңізде өтеді деуге болады. Құрлыққа олар тек қана жұмыртқа салып, оның жарық дүниеге есігін ашқанын күту үшін ғана келеді.  

Пингвиндер ақ-қара түсі арқылы жыртқыштардан қорғана алады. Себебі осы арқылы олар жоғарыдан да, алыстан да көзге шағылысып, анық көріне бермейді. Ғалымдардың айтуынша, пингвиндер судың астында жүзіп жүргенде, жақсы көре алады. Сондай-ақ теңізде топпен тамақтанып, топ болып жүзу қабілетіне ие.

Пингвиндердің денесі желбіреп кетпейтін ұсақ қанаттармен қапталған. Кейбір түрлерінің бастарына ұзын қанаттар өседі. Аяқтары қысқа болғандықтан, пингвиндер жүрген кезде, балпаң басып, қысқа адымдар жасайды. Тіпті олардың қинала жүргенін көріп, аяп кетесің. Ал жүзіп, сүңгу жөнінен алдарына жан салмайтын пингвиндер алып толқындарға төтеп бере алатынай қуат пен шеберлікке ие. Басқа құстардан тағы бір ерекшелігі олар бір қанатымен ғана жүзеді. Ал аяқтары болса, олар үшін рөлдің қызметін атқарады. Жейтін азықтары – балық. Теңіз суын да ішеді. Ал судағы тұздарды көздерінің астындағы арнайы без арқылы сыртқа шығарып тастайды. Теңізде олар дыбыс шығармағанымен, құрлықта жүргенде, бір-біріне дыбыстар беру арқылы араласады.

Олар екі аппақ жұмыртқа басып шығады. Ал жұмыртқаны жауларынан ата-анасы бірдей қорғайды. Сондай-ақ, тағы бір қызық жайт, пингвиндерде өзгенің жұмыртқасына қол сұғу әдеті қалыптасқан. Өздерінің жұмыртқалары жау қолына кеткен жағдайда, олар өзге пингвиннің ұясынан жұмыртқа ұрлайды. Сондықтан жұмыртқа жарылған кезде, бір ұяда екі түрлі балапан пайда болып жатады. Пингвин балапандары ата-аналары үздіксіз жеткізіп тұратын азықтардың арқасында тез жетіледі.

Пингвиндердің еттері өте дәмсіз болып келеді. Тұқымдас он сегіз түрі бар делінеді.

Олар түлеу кезінде, бір уақытта барлық қанаттарын  тастап, жаңа қанат өсіп шықпайынша, аш жүреді. Өйткені бұл уақытта олар жүзу қабілетінен уақытша айырылады. Түлеу сәтінде, пингвиндер азық үшін өз денелеріндегі майларды алатындықтан, арықтап кетеді.

Пингвиндердің ішіндегі ең ірісі – патша пингвинінің тұрған кездегі бойының биіктігі 90-120 сантиметрге жетеді. Салмағы 20-45 килограмды құрайды.

Пингвиндер толық зерттелмеген жұмбаққа толы ерекше тіршілік иесі болып есептеледі. Жақында ғалымдар пингвиндерді зерттеу үшін робот пингвиндер құрастырған еді.

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: fotodes.ru, telefoner.ru

massaget.kz



841
Чтобы оставлять комментарии Вам необходимо войти или зарегистрироваться